Казахский язык
Главная
Существительные
Послелоги
Прилагательные
Числительные
Местоимения
Наречия, Союзы
Личные окончания
Глаголы
Вспомогательные глаголы
Причастия
 Деепричастия
Модальность
Предложения
  Проверь себя!
  Упражнения
   Грамматика детям
   Учим всей семьёй
 Видео
  Разговорник
Пословицы
  Книга для чтения
С казахским не шутят?
Сказки
Песни
Статьи
Словарь
Ссылки и др.
Автор сайта
Учебники
 1 класс
 2 класс
 3 класс
 4 класс
Стихи детям
    1    
    2    
    3    
    4    
    5    
    6    
    7    
    8    
    9    
    10    
Рассказы
Қызғалдақ әпке
Апамның сандығы
Бұрауыш
Кешкі шайдан...
Мотоцикл
Ұмсынай апа
Шын жүрекпен кешір
Атын Алпамыс деп қоямын
Жылама, жаным, жылама

Кешкі шайдан кейін жазғы түнде көрген түс



Автор: Райхан Алдабергенова  Стихотворения (сайт stihi.ru)  Рассказы (сайт proza.ru)

Читать рассказ на русском языке

01
    Ауыл тым-тырыс. Айналаны билеген жазғы бейқұт кеш. Аптап басылып, жерге салқын түсті. Біз үйден далаға көштік. Ауладағы құдықтан атам су тартып жатыр. Шығырдың шынжыры даңғырлап, ұшына бекіткен шелек төменге сырғиды. Бір уақытта шалп етіп шегендегі тыныққан мұздай суға батады. Шынжырды қайта даңғырлатып тартқан кезде астынан судың тамшысы құдықтың бетіне жалп етіп түседі. Атам қолын еппен сермеп қатар тұрған шелек пен қауғаларға суды аударып құйып, шығырды қайта бұрайды. Біз апам екеуміз шаң басылсын және де асыға күткен салқын пайда болсын деп аулаға су сеуіп жатырмыз.

    Шаруаны бітіріп, екі қолымды жайып тапшанның үстіне құлай түстім, тоқымдай да бұлты жоқ аспанға көзімді тігіп. Күн көкжиектен асып кеткен, ай болса әзірше көрінбейді. Сонда да айнала жап-жарық, күні бойы шөл даланың шыжыған ыстығының күшін жинап аспанның өзі сәулеленіп тұрған сияқты.

    Самауырын қайнап, апам шай демдеп жатыр. Тапшанның ортасындағы дөңгелек тапал үстелге аздап тозған клеенка төселген. Дастарқанда қант, туралған нан, шашып тастаған кәмпит, қолдың доп-домалақ кесек сары майы, ертемен апам пісірген шелпек, бауырсақ және бір тостаған, қалай екені белгісіз, әйтеуір сау қалған шие тосабы. Оны менің анам қаладан былтыр беріп жіберген болатын.

02
    Атам жастыққа жайғасып, буыны шодырайған саусақтарымен басымды сипап:

    - Әу, балапан, шай ішеміз бе? Қалайсың? Әке-шешеңді сағынған жоқсын ба? – деп қояды.

    Ауланы қоршаған бір қатар өңкей аласа бағаналарды көлденең екі сызған ұзын, қисық сырғауыл. Шарбақтың бар болғаны осы. Әрменірек құмның бетін қақ тіліп тапталған соқпақ жол жатыр. Ол біздің айналадағы әлеммен байланысатын жолымыз. Бұл арадан ауылдың тіршілігі алақандағыдай. Осы жолдың арқасында апам екеуміз үйден шықпай-ақ Талды Өзекте бар болған оқиға мен жаңалықтарға оп-оңай қолымыз жетіп отырады. Бұнда күндіз әрі-бері тынымсыз дүрілдеп жүк көлігі, тракторлар зыр жүреді, ізінше ауылдың кейбір шалы есегін түрткілеп жол бойында жортып келеді, кейде біреу ауыл басқармасынан атпен шаңның бұдағын көтеріп шауып өтеді. Онда-мұнда есектерін жегіп, арбаға сексеуілдің діңгегімен шөпшегін үйіп алып шапқылап жүрген балалар.

    Кешке жақын серуендеп ауылдың кемпірлері шығады. Әнеки, арқасына кішкентай немересін тартып біздің көршіміз Балдырған апа келе жатыр.

    - Әй, кемпір? Қайда кетіп барасың? – деп апам алыстан айқай салды.

    - Бір шаруамен Талмагүлдің үйіне асығып келе жатыр едім.

    - Шаруаң бар болсын. Одан да кел бері, бізбен отырып шай іш.

03
    Балдырғанның асыққаны сол-ақ, арқасындағы баланы тапшанның үстіне түсірді дағы үһлеп тапал үстелдің шетіне жайғасып, кеседегі ыстық шайды өзіне қарай жылжытты.

    - Ауылда не жаңалық? Естігенің бар ма? – деп сұрады апам.

    - Сен естімегенді мен қайдан естиін? – деді Балдырған шайын сораптап.

    - Пісмілдә, - деп шелпектің шетін үзіп, немересіне берді.

    Сонау жолда аяғын баяу басқан Өсіміс апамыз көрінді. Екі есейген немере қызы бар, Зият, Аят деген. Бұл кісі де оларды біраз жыл бұрын талай өстіп арқасына салып жүрген. Енді арқалайтын ешкімі жоқ болғасын қолын артына салып келе жатыр.

    - Әй, Өсіміс, бері кел!

    - Ойпырмай, кемпірлер-ау, қалдарың қалай? Қарасам, мұнда қаланың «қысы» келіп қалыпты ғой, - деп Өсіміс маған күлімсіреп қарап қояды, - білсең, «қысым», біз де бұрын қалада «тұрғанбыс», «өсіміс» қаланың адамы «боламыс».

    Осы әңгімесін талай естігенім бар, бірақ үндемей тек күліп қоямын. Бастан кешкенінің көбін ұмытып кеткен. Әуелі, өзінің нағыз аты да мүлдем есінде жоқ. Шынын айтқанда, бұл кісінің есімі елдің де ойынан шығып кеткен. Ал Өсіміс дегеніміз ол «өзіміз» деп, «з»-ның орнына «с» дыбысына басып сөйлеп жиі қайталай берген соң, барлығы оны солай атап кеткен. Әрдайым «с-с»-лап «өсіміс те қаланың қысы боламыс» деп ескертуді қоймайды. Өсіміс апамыздың өмірде көрген қиыншылығы оңай емес. Ашаршылықта күйеуімен оншақты баласы қатарынан мерт болған. Кейіннен тірі қалған жалғыз ұлы мен келіні де қаза тапты. Енді екі немересін асырап отыр. Кенже қыз Аяттың жасы менен төрт-бес жыл үлкен, ол менің құрбым. Ал әпкесі – Зият, түнерген, тұйық бүкір. Өсіміс апа нақ осы қызының болашағын ерекше уайымдайды, күні не болады екен деп.

04
    Кебісін шешіп, Өсіміс мәсісімен тапшанға шығып үстелдің жағасына ыңғайлап отырып алды.

    - Ал, қызым, әңгіме айт, қалада қалай тұрып жатырсыңдар? Рақат шығар, мен де бір заманда онда тұрғанмын.

    - Еш қызығы жоқ. Одан ауыл мың есе артық, - деп аузымды қисайттым.

    - Ойпырай, солай ма? Мейлің онда... Апаңмен біраз тұрып көмекшісі боласың. Көрдің бе, қартайғанын? Біздің де жасарғанымыз күмәнді, - деп ернін салбыратып күрсінді.

    Орамалдың астынан ағарған сұйық екі шолақ өрімі көрінеді. Иегіндегі ірі қалдан үрпиіп бір тал ұзын ақ шаш өсіп тұр. Езуін тартса болды, қызыл иегінде екі қисық бедері кеткен тістен басқа еш тісі жоқ.

    Меніңше Өсіміс апа сырттай қазақ ертегідегі Жалмауыз кемпірге ұқсайды, бірақ іштей бұл кісі өте мейірімді адам, ешқашанда Жалмауыз кемпір құсап кішкене балаларды жемейді. Дәл сол кездегі ойлағаным, ұзақ оқу жылы бойы мен апам мен атамды ғана емес, Өсіміс апаны да сағынып қалыппын.

    Кең, майда гүлді шыт көйлек, үстінен тозыңқы, қиып тігілген кішкене қалтасы бар жасыл қыжым желетке киген. Қалтасынан тарам-тарам, ісіңкі қолымен бет орамалын алып қайта-қайта жіпсік көзін сүртіп қояды. Жаздыгүні белін жазбай ауылдың жүгері алқабында, ал қыста мал қорасында жұмыс істейді. Сондағы еске алатын ең жарқын кезеңі – қалада өткізген балалық және жастық шағы. Оны ауылдастарының барлығы да біледі.

05
    Кеседегі шайын ұрттап үлгермей алыстан бір дүрсілді естіп қалды. Жолға қарап, мотоциклына салт мініп зымырап келе жатқан Құлдыбайды көрді.

    - Әй, Құлдыбай, тұқымың құрымағыр! Мына зымыраныңмен қайда ұшып барасың, қақбас? - деп атам тапшаннан айқай салды.

    Қисық шарбақтың түбіне тарсылмен келіп тоқтап, ол кісі моторды сөндірді.

    - Ассалам алейкум!

    - Алейкум ассалам! – деп атам тапшаннан ұшып тұрды. Екі шал қолын созып, бір біріне ұмтылып сәлемдесті.

    - Кел, бізбен отырып шай іш, - деп шақырды апам.

    - Әрине, сөзсіз. Осындай сұлу қыздардың өтінішін қалай қабыл алмайын? – деді Құлдыбай мұртын ширатып.

    - О, құдай тас төбеңнен ұрғыр, қыздарды тауыпсың! – деп апам зілсіз әзілдеп ұрсып қояды.

    - Әй, алжыған мылжың, оданда бізге сенің сонау темір есегің құсап мына телефонның неге қырылдайтынын түсіндірші? – деп атам сұрақ қойды.

    - Жақын арада бағаналарыңның сымын ауыстырамыз. Тек ауданнан құрал-сайман жіберсе болды, тікелей сендерден бастаймын.

    Құлдыбай ата біздің ауылда телефоншы және электрмонтер болып істейді. Қазір де мотоциклынан «темір тырнақтары» салбырап тұр. Оны былғары етігіне бекітіп, бағанаға өрмелеп шығады да электр сақтандырғыштарды жөндейді, жел үзіп тастаған сымның екі ұшын жалғайды. Расында, біздің ауылда өте қатты жел жиі гулеп тұрады. Кейде тіпті дауыл үйдің шатырын жұлып әкетеді. Құтырған құйын ашулы зуылымен шаңды аспанға дейін көтеріп, ауыл арқылы өтіп шығады.

06
    Құлдыбай атаның әбден күнге қарайған жүдеу сопақ бетінде сорайған дөңес мұрнының астында үрпиген салпаң мұрты бар. Ылғи күлімдеп тұратын көздеріне қарағанда, әрбір әзіл мен қалжыңды қағып алып, жалғастырып әкететініне күмән жоқ. Бұл кісінің мейірімді, жарқын жүзіне қарасам болды, оған тоғыз бала тауып берген мінезі сабырлы және жасықтау Айнагуль апамыз ойыма келе қалады. Үлкен балалары баяғыда институт пен техникумды бітіріп, балалы-шағалы болып кеткен, ал кішілері әлі мектепте оқиды.

    Құлдыбай атаның аяғында жоғарыда айтып кеткен былғары етік, оған галифе шалбарының балағын салып қойған, үстінде жалпақ белдікпен буып тастаған ешбір тану белгісіз әскери френч. Белдіктің төртбұрышты айылбасының ортасында бес күлді жұлдыз. Менің атам екеуі бұндай айылбастылы белдікті соғыстан кейінгі жылдары кеңес милиция қатарында қызмет еткен кезінде киген. Тағы бір айтып кететін жағдай – біздің Құлдыбай ата екінші дүниежүзілік соғысты түгелге жуық өтеп шықты. Тек Берлинге дейін жете алмай, концлагерьге түскен. Онда тұтқындықтың бар сұмдығын бастан кешті.

    Құлдыбай атаның мұрты бір қызық мұрт. Оны бұл кісі мәпелеп күтеді, үнемі қолымен сипайды келіп. Сондықтан соңынан тас болып Мұртты деген ат жабысқан. Ауылдағы адамдар күнделікті тілдесімде Мұртты деп, нағыз атын тек аса маңызды жағдайда ғана атайтын. Үлкендер ол кісімен қалжыңдасып, ал балалар әрдайым сырттай мұртын келекелеп жүреді.

    Міне, қазір де көрші шарбақтың арғы жағынан бір топ бала сығалап, мазақтап тұр:

    Құлдыбай мұртты,
    Телефонды құртты! – деп.

    Бұрылып қарағанын көріп, шуылдап қашып, қауіпсіз жерге барып тоқтады.

    - Әй, өңкей сандалбайлар! Кетіңдер үйлеріңе! Ұстасам, құлақтарыңды жұлып беремін! – деп ол кісі айғайды салған кезде мұрты күлкімді келтіріп секең ете қалады.

07
    - Қалайсыңдар? Бала-шаға аман ба? Мынадай боп-боз қаланың қызының келгені болмаса, басқа не жаңалық бар? – деп шаң басқан етігімен тапшанға жайғасып отырды.

    - Аллаға шүкір, аман-саумыз, - деп менің атам қолындағы кесені бұрап жіберді. Оны әзілдесудің басталуы деп түсіну керек.

    - Өзің қалайсың? Жұмыс істеп жүрсің бе? Сірә, күні бойы баяғы бағаналарыңның сымында салбырап жүрген боларсың? Бетіңді қарғаның бетіндей күйе басып кетіпті. Сонау «темір тырнақты» не қыласың? Сымға мұртыңмен жармаспайсың ба? Оның өзі бір әйгілі мұрт.

    - Ей, алжыған, менің мұртымда не шаруаң бар? Малды айдаймын деп менен асып күнге қақталып кетіпсің. Сары Арқаға жеткенше терің түгіл бүкіл ішек-қарының тып-типыл болып жанып кеткен шығар. Көріп тұрмын, Бетпақ дала шашыңды түк қалдырмай жеп қойыпты. Енді мынадай бастың жылтыр қасқасына шелпек пісірмейміз бе? Солай ма, өу, кемпірлер! – деп үстелдің жағасында отырған әйелдерге күлімдеп қарады. Олар болса екі шалға орын босатып, бір шетіне ығысып отырды.

    - Не деп айтайын? Түрлерің құрысын, адам шошитын, - белін таянып Өсіміс апа күліп жіберді, - қаланың еркектерінің әжептеуір, адамға ұқсас пішінін сендермен теңестіруге болмас. Екеуіңе қарап, олардың аппақ жүзін әлдеқайда жағымды деуге болады.

    - Мына кемпірдің әңгімесіне қарашы! – деп менің атам сөзін қағып тастады, - олай болса, неліктен сол қаланың боз дәрменсіз еркегін емес, біздің ауылдың бетінен қаны тамған жігітін таңдадың? Ендеше, қалада тұрып қылаң қаққан кемпір болып қартаятын едің.

    - Е-е, ақымақ, жас болдым... Бұйра кекілі мен шекесіне киген бөрігі құртты мені. Тірі болғанда ғой, - деп бір күрсінді, - қалаға алып кетер едім. Ауылдарыңның күйесін қырып, жуып, тазартып алып, онымен рақаттанып өмір сүрер едім. Қыздарым да мынадай әп-әдемі болар еді, - деп Өсіміс бұжыр-бұжыр алақанымен мені басымнан сипап қойды. – Енді міне, өңкей алжыған қақбастармен шай ішіп отырмын.

08
    Апам мен Балдырған бір-біріне қарап, қарқылдап күлді. Құлдыбай да мұртын сипап, айналаны шолып, сәл күліңкіреп қояды. Бір уақытта Балдырғанның кішкентай немересіне көзі түсіп кетті.

    - Ал, мынау қайдан келген батыр? Атың кім?

    - Ұлан.

    - Әкеңнің аты кім болады?

    - Қалибек.

    - Шешең кім?

    - Күміс.

    - Әй, жарайсың! Сонда кімнің баласы болғаның? Әке-шешеңнің бе әлде апаңның ба?

    Алдауды сезген бала, – апамның... –деп күңк ете қалды.

    - Қай апаның баласысың? Мұнда мен үш кемпірді көріп тұрмын, - деп бой бермей қойды Құлдыбай.

    Аузын бұртитып, ішінен, мына шал не деген санасыз деген оймен -Балдырған апамның, - деп бала жауап берді.

    - Ай, бәрекелді, батырым! Атаңа бір жақтың-ау! – деп Құлдыбай оны мақтап қойды.

    - Айналайын, ақылдым! Апамның баласымын дейді, - деп сөзіне риза болған үстелдің айналасындағылар шулай кетті. Одан батылданып кішкене бала үстелге жақынырақ жылжып, саусағымен түртіп тостағандағы тосапты көрсетті.

    - Мә, - деп менің апам кесені Балдырғанға созды, - тосап салып берші балама. Мұндай жақсы баладан тосапты да, басқаны да аямаймын. Егер апаңның баласы болсаң, мен саған тағы бір нәрсені берейін, - деп желеткесінің қалтасынан кәмпитті алып Ұланға ұстатты.

    Ол қымсынып өз апасының артына тығылып қалды. Балдырған кәмпитті немересінің қолына сұғып жіберді. Орама қағазын судырлатып, бала кәмпитті лезде аузына сала салды.

09
    Шәй ішудің әбден қызған кезі. Шалдардың әңгімесі сол, қой қырқу, мал азығын дайындау, оны Сары Арқадан Бетпақ даланың күзгі жайлауына, одан кейін қысқа қарай осында, Мойынқұмға менің атамның айдап келуі туралы. Екеуі аудан басшылығын да аздап талқылады...

    Кемпірлердің әңгімесі бөлек. Кім сиырынан қанша сүт сауып алатыны, кім жақында қой сойды, қыз ұзатып, ұлын үйлендірді... кемпір Шүйтәйдің ауыр жағдайы. Бишараның асырап алған жалғыз баласы арақты удай мас болып ішетіні, ал келіні болса... құдай ондай келіннен сақтасын.

    - Кімді айтсаң, сол келеді дегендей, - Балдырған мойнын созып, алыстан Шүйтәйді байқап қалды.

    Соқпақ жолдың бойымен теңселіп, қамыт аяғын әрең басқан толық кемпір көрінді. Ол, жалғыз немересін қолынан ұстап келе жатқан Шүйтай еді.

    - Зүлпия, шақыр, шай ішсін, - деді атам.

    Апам қабағын түйіп шақырғысы келмеді:

    - Отырып алып, әр сөзден соң «лиубой, лиубой» деп қоймайды. Бекер айтпаған ғой, «жаман қазақ жақсы орыс болмайды» деп. Сөз жетпейтіндей. Сондағы орысша бар білгені баяғы «лиубой». Керекті де, керексіз де жерге сол бір орыстың сөзін қыстырып жібереді...

    - Енді ыңғайсыз болар, - атам күйбеңдеп қасқа басын алақанымен бір сипады да Шүйтәйді:

    - Әй, осы ауылдың сұлуы, шайға кел, - деп шақырды.

10
    Шүйтәйдің қысылғаннан беті сәл қызарып кетті. Тапшанға жақындап, бір бөлек, кемпірге лайықсыз жұмсақ сөйлеп, атама рақметін айтты да шеткері отыра қалды.

    - Не болды сонша қызарып, ұзататын қыздай? Әлде менің шалымды ұнатып қалдың ба? – деп кекетіп, апам кесеге шай құйып берді.

    Атам кердеңдеп, арқасын тік ұстап:

    - Немене, мені шамасы жоқ, қаусаған деп отырсыңдар ма? Еркек болса, мендей-ақ болсын! – деді.

    - Ей, кемпір, жоғалшы! - деді Шүйтәй үңірейген тіссіз аузын ыржитып. – Осы ауылда сенің шалыңнан асқан ешкім жоқ деп ойлайсың ба? Шақырсам болды, «лиубойы» артымнан байлаған бұзаудай ериді, білгің келсе. – Артынша Ұлан екеумізді байқады да, абыржып қолын бір сілтеді, - Ұятсыз-ай, мына балалардың көзінше айтқан әңгімесінің түрін қарашы!

    «Лиубойынан» менің апам токпен ұрғандай селт ете қалды.

    Оны байқаған атам әзілдеп күлді:

    - Әй, Шүйтәй, орысша сөйлеуді қой. Көрдің бе, бәйбішем қызғанып отыр. Сендей ілгері, озық кемпірдің артынан орысша шүлдірлеп ілесіп кетеді деп қорқады.

    Апам ашуланып қолын бұлғады:

    - Кете бер, ұстап тұрған жоқпын. Жас кезімізде керектігің шамалы еді, енді қартайған тазды не қылайын.

11
    Шүйтәй бір жөнсіз жағдайды байқап қалғандай, тездеп шайын жұтып бос кесені үстелге қойды да, үһлеп тапшаннан тіктей кебісіне сырғып түсіп:

    - Қой, кетейін, - деді.

    Апам шыдамсыздығына ыңғайсызданып:

    - Отыршы, ойнап айтқаным ғой. Өкпелеп қалдың ба? Неменеге сонша уайымдайсың? Асықпа, әңгімелесейік. Міне, немерем де қаладан келіп қалды, - деді.

    - Әй, айналайын, қашан келдің? Әке-шешең қалай? Жүзің боп-боз, ауырып қалған жоқсың ба? Ештеңе етпейді, ауылда күнге әбден қарайып, сүтпен қаймақ жеп тез арада оңаласың, - деп томпиған алақанымен басымды сипап, үңірейген тіссіз аузымен қолымды, - бақытты бол, жаным, - деп сүйді.

    Енді: - Отыра тұр, - деп атам жалынды.

    - Жо-жоқ, асығыспын, кетейін. Бір шаруамен Иманбайға бара жатыр едім.

    - Ол қандай шаруа? – деді Өсіміс таңырқап.

    - Айтатын несі бар, ұлынан, Асырдан көмек сұрайын деп едім, жаңа шарбақ орнатып бер деп. Ескі шарбағым әбден қирап бітті.

    - Өз балаң қайда? – деді Балдырған.

    - Бір апта болды тоқтамай ішкеніне, - Шүйтәй мұңайып, - не істерімді білмеймін. Еңсем әбден басылып кетті. Расында, кетейін, ракмет, - деп немересін қолынан ұстап алды да, жасаураған көзін сүртіп, қақпаға қарай бет алды.

    - О, Алла, не үшін жазаладың байғұсты? – өкініп Балдырған артынан бір күрсінді, - жалғыз ұлының түрі анау, онысы да өгей.

12
    Біртіндеп қараңғы да түсті. Аспанда бірінші жұлдыздар мен айдың қиғаш орағы көрінді.

    - Қой, кетейік, - деп Құлдыбай жиналды. Мотоциклдың қасына үймелеген балаларды қуып жіберіп:

    - Мынаған бензин құюым керек, ертең азанмен бухгалтер екеуміз ауданға шығамыз. Қыс келмей, орамдағы қайдағы тұйықталуға ұшырамай тұрып, ауылдың кей жерінде сымды ауыстырамыз.

    - О, құдай сақтай көр ! – деп шошыған кемпірлер де үйіне жинала бастады ...

    Жарты сағаттан кейін, тапшандағы апам салған төсекке масахананың астынан сырғып кіріп жата қалдым. Алыста бақаның бақылдауы, иттің үруі естіледі. Биіктегі жымыңдаған жұлдыздарға қарап бір қызық ойға батқаным: осы жұлдыздар адамдар сияқты бола ма екен? Болса, арасында менің атам, апам, Шүйтай апа, Өсіміс апа, тағы да басқа ауылдағы көп адамдар сияқты мейірімді жұлдыздар болу керек. Бәлкім, арасында, Шүйтәй апаның келіні секілді қатыгез жұлдыздар да бар шығар. Дегенмен, адамдарға ұқсаған мейірімді жұлдыздар әлдеқайда көп болар. Апамнан ол туралы сұрамасқа сабырым жететін емес. Жанымда болса ғой, құшағына кіріп алып, бірқалыпты тынысына құлақ салып, мына ертегі аспанның астында ұйықтап қалар едім...

    Апам болса бар әрекетін бітіріп, үйге кіреберістегі тепкішекте «Беломорканалдың» қорабын ашып, күнделікті жалғыз ғана рет шегетін шылымын тартып отыр. Білмеймін, осы әдеттің апама Ашаршылық кезінде ме, әлде соғыс жылдарында ма пайда болғанын. Темекісінің құбылмалы түтіні биікке қарай иіріліп, қараңғы аспанға ұмтылады. Бәлкім түтін жұлдыздар жымыңдаған, олардың арасында ұзын сыпырғышқа салт мініп Жалмауыз кемпір шауып жүрген тылсым дүниеге асығатын шығар... Тек енді сол кемпірден ешкім де қорықпайды. Себебі ол балаларынан айрылып, бірақ мейірімділігінен айрылмаған, қаладағы жастық шағындағыдай ақкөңіл және қайырымды Өсіміс апамызға ұқсайды. Міне, орақ мұрын, ұзын мұртты долы дуагер аспанды әрі-бері кезіп жүр. Қарасаңыздаршы, ол дуагер де емес, долы да емес. Ол біздің Құлдыбай атамыз, өзінің электр бағанасының үстінен қолын созып бірінің артынан бір жұлдызды шырақтай жағып жатыр.

13
    Міне, аспанда бір кемпір ұшып келеді. Өзі жарқын жүзді, толық, қолында кішкене таяқшасы бар. Кім болады екен? Ойпырмай, бұл адал және мейірлі Шүйтәй деген пері ғой! Оны басқа ертегілерде фея деп атайды. Бұрын апам маған тек қазақ ертегін айтып беретін. Енді қаладағы орыс мектебінде оқығаныма екі жыл болды, сол себептен көптеген басқа елдердің ертегін білетін болдым. Онда осындай өте жақсы феялар, түрлі сиқыршылар бар. Шүйтәй апа немістің тақия тәрізді чепец деген бас киімін киіп, кейде бұлтқа сүңгіп келеді. Ұзын, күміс түсті плащының етегі жұлдыздардың арасында желбірейді. Маған қарап маржандай аппақ қатар тісін көрсетіп күлімдеді:

    - Амансыңба, кішкентай ханшайым? Жағдайың қалай?

    - Жақсы, апа, рақмет!

    - Енді мен апа емеспін, мен өз қолыммен сиқыр жасайтын феямын. Тілегің қандай болса да, орындап бере аламын. Менімен бірге ұшқың келеді ме?

    - Иә!

    Пері Шүйтәй екеуміз биікке көтеріліп аспанда ұшып келеміз. Көз алдымызда алақанға салып қойғандай біздің ауыл жатыр. Әнеки, алыста қол ұстасқан менің апам мен атам. Өздері жап-жас, тұрпатты, әдемі, бір біріне қарап, күлімдеп тұр. Ал, мыналар кім болады екен? Бұл Өсіміс апа мен Зият қой! Жүздері жарқын, үстеріне қызыл жібек көйлек киген, екеуі де сұңғақ бойлы, өте көрікті. Зият ешқандай да бүкір емес! Төменде сиқыршы Шүйтәйдің үйі көрінді. Алтынбек деген жалғыз ұлы, екі жеңін қайырып, жаңа шарбақ орнатып жатыр. Қасында келіні де тұр. Бізді көре салып, екі көзі жаудырап, қуанып кетті. Шын ықыласпен қолын сілтеп сәлем берді. Біз ауылды, кең байтақ даланы, менің Отанымды айналып ұшып келеміз. Бұл менің түсім – менің алаңсыз, бақытты, еш қашан қайтып келмейтін балалық шағым!




©  Татьяна Валяева   2007–2020
http://kaz-tili.kz/
 <<  Стихи детям, стр. 10 Вернуться к началу Словарь  >> 


Присоединиться в Фейсбуке   ВКонтакте                  Цвета текста на сайте - значение                  E-mail: kaz-tili@yandex.ru                  Гостевая книга