Казахский язык
Главная
Существительные
Послелоги
Прилагательные
Числительные
Местоимения
Наречия, Союзы
Личные окончания
Глаголы
Вспомогательные глаголы
Причастия
 Деепричастия
Конструкции
Предложения
  Проверь себя!
  Упражнения
   Грамматика детям
  Удивительный мир
Видеокурс
   Разговорник
Фразеологизмы
   Книга для чтения
С казахским не шутят?
Рассказы
Сказки
Песни
Полезное
Словарь
Ссылки
Автор
Р. Алдабергенова
Қызғалдақ әпке
Апамның сандығы
Бұрауыш
Кешкі шайдан кейін...
Мотоцикл
Ұмсынай апа
Шын жүрекпен кешір
Атын Алпамыс деп қоямын
Жылама, жаным, жылама
Ы. Алтынсарин «Рассказы» (34)
Айнур Карим «Пьеса» (8)

Апамның сандығы



Автор: Райхан Алдабергенова  Стихотворения (сайт stihi.ru)  Рассказы (сайт proza.ru)

1
    Бөлменің түкпірінде мен күніге армандаған бір аса ғажап қазынаға толы апамның сандығы тұр. Ол сандықты ашу үшін үстіне үйіп қойған текемет, жастық және көрпелерді төмен түсіру керек. Күндердің бірінде сандықты жасырын ашайын деген оймен үйменің ең төменгі қабатын тартып жіберіп едім, өңкей текемет пен көрпе-жастықтың астында көміліп қалғаным. Сол оқиғадан соң оны өз бетіммен ашуды мүлде ұмытқан едім. Сандық тұрған бұрышқа барсам болды, апам:

    - Қарғам-ау, бұнда не істеп жүрсің? – деп жымиып күледі.
    - Апа, сандықты ашайықшы, - деп жалынам кеп.
    - Қоя тұр енді, намаз оқып болайын, сосын ашамыз. Оның қай жеріне қызығасың, жаным-ау? Асқан еш нәрсесі де жоқ, - деп, апам аяғын теңселе басып, алыстағы бөлмеге барады да, жайнамазын төсеп, тізесін бүгіп отыра кетеді.

2
    Әбден жым болып намаз арқылы құдай мен шектескен кезінде, жерді ақырын, аяғымның ұшымен басып кіремін де дәл артына отыра қаламын. Апам болса екі алақанын жайып өзінің құдайына біржолата араб тілінде жаттап алған дұғасының сөздерін ынталанып кеп сыбырлайды. Мен де ұқыпты түрде ерінімді жыбырлатамын, апамның әр қимылын қайталауға тырысып. Ол кісі артқа қарап, мені ала көзімен бір шалып, ісімді жаратпай, басын шайқайды. Намаз аяқталғанша апамның маған еш нәрсе істей алмайтынын жақсы білемін. Дұғасының арабшасын бітіріп, қазақ тіліне көшеді. Әрең естілетін сыбырының кей сөздерін ажыратып түсінгенім, құдайдан бізге: балаларына, немерелеріне денсаулық, береке, еліне тоқшылық, бейбітшілік пен ашық аспан тілейді. Ондай өтілдің не қажет екенін ұғуым шамалы, мен үшін ол бекер сияқты. Айтпаса да біз аман-есенбіз ғой, бәрі де әдеттегідей. Сондықтан мен апамның құдайына өзімнің тілегімді сыбырлаймын:

    - Өтінемін, апам сандықты ашсыншы. Онда әдемі, қызыл шашақты орамал бар, соны маған берсе, және де сандықтың түбінде жылтыраған мата жатыр. Оның шетінен бір тілім кесіп берсінші. Білемін, сен құдіреттісің, қолыңнан бәрі де келеді. Апам ылғи солай айтады.

    Соңында апам еңкейіп, маңдайын бір неше рет жайнамазға тигізіп, сәждеге басын қояды. Артында отырған мен де қалыспай маңдайыммен еденнің тақтайын тақылдатам кеп. Апам бұрылып анық дәлел ретінде наразылығын білдіріп қабағын түйеді. Сондағы әзірше айтамай тұрған сөзі:

    - Намаз біткен соң көрсетейін саған таяқ жеудің не екенін!

03
    Ақыры екі алақанын жайып, соңғы сөзін сыбырлап, қолымен бетін сипайды да дауыстап:

    - Алла акбар! – деп демін шығарады.

    Ол мен үшін тым-тырақай қашу керек екенінің белгісі. Апам әрең дегенде бүгілген аяғын жазып, жайнамазын жинағанша, мен далаға жүгіріп шығып үлгеремін. Ашуы басылғанша қораның артына тығылуым керек. Әттеген-ай, жолдағы тырбиып жатқан сексеуілдің бұтағына сүрініп тозаңды жерге аунап түстім.
    Айқайымды естіп, апам да далаға жүгіріп шықты. Мен болсам борша-борша болған екі тіземнен қан сорғалағанынан үрейім қашып, көзден аққан жас пен балшықты айғыздап, ойбайды салып жатырмын.

    - Әй, жаным-ай, бұның не? Қарашы тізеңе, өткендегі жараң жазылып үлгермеді ғой.

    Мені көтеріп, тапшанға апарып отырғызды. Жарамды жақсылап жуғаннан соң құшақтап, көз жасымды сүртті де тербетіп жәй ғана:

    - Әке-шешең қаладан келгенде немді айтам? Аяғыңда сау жер қалған жоқ, - деді.

    Батайын деген шымқай қызыл күннен көз алмай, арасында өксіп-өксіп, апамның бауырына тығыламын.
    Екеуміз көпке дейін осылай тас құшақтасып, әрі-бері ырғалып, әр қайсымыз өз ойын ойлап отырып қалдық.

04
    - Ертеңгі күннің ашық болатын түрі бар. Көрдің бе, батысты қызғылт тартуын? Ал, жүр енді, сандықты ашайық, – деп апам маған жымиып қарады. Бетін тілімдеген әжімі де, оған жан кіргендей, күлімсіреп мені аймалап тұрған секілді. Апамның маңдайы, самайы, ерні, мұрыны, иегі, бәрі де күліп тұр...

    Қансыраған тіземді лезде ұмытып, қойнынан қарғып шықтым да түкпір үйдегі аяулы сандықтың қасына ұшып бардым. Артымнан аяғын баяу басып апам да жетті. Қыжым желеткесінің қалтасынан тепшіп тігілген шыт кесіндісіне байлаулы кілтті алды да құлыптың оймасына тықты.
    Дереу кілем, көрпе-жастықты төменге аударып, сандықтың қақпағын ашып жібердік. Нафталинның қою иісі мұрынға маңқ ете қалды. Бірақ мен сол иісті шексіз жақсы көретінмін. Неге десеңіз, ол иіс сандықта қабат-қабат боп жатқан асыл қазына, құпия және менің есіл-дертіммен тығыз байланысты еді.

    - Апа, апатай, маған сонау әдемі шашақты орамалды берші.

05
    - Әй, жаным-ай, оны қайтесің? Тірі болсам, сен күйеуге шыққанда орамалды жасау мүлкіңе салып жіберемін. Оған дейін ажалым келсе, шешеңе тапсырып кетермін. Оны басыңа жапсаң, аса сұлу қыз боласың! Болашақ күйеуің сені одан да қатты жақсы көреді. Саған айтар, орамалың не деген әдемі деп. Ал сен жауабына, апамның өсиет етіп қалдырғаны дейсің.
    - Күйеуге шыққым жоқ! Сенімен тұрғым келеді... – Ыстық екпінмен ап-арық қойнына қалшиып тығылған кезде маған жақын арада жазғы демалыс бітіп, қаладағы үйіме аттанатыным ойыма келеді. Ал онда мектеп, екінші сынып, құрбыларым, анам, әкем, бауырларым... тек өкінішке қасымда апам болмайды.
    - Өйтіп айтпа, қарғам! Күйеуге шығу дегенің ол бір игілік. Өзің сияқты әп-әдемі бала табасың, ал мен о дүниеден әрдайым сендерге қарап қуанып отырармын.
    - Апа, сен ешқашан өлмейсің! – неден екенін білмеймін, екі көзімнен жас бұршақтай боп сырғанап төгіледі. Желеткенің қалтасынан тарам-тарам қолымен бет орамалын алып, көз жасымды сүртіп, төбемнен сипайды, өзінің әлдеқайдағы тынымсыз ойына басын анда-санда изеп қойып.
    - Ал, енді сандықты әрі қарай ақтарайық.

6
    Жақынырақ отырып, ықтияттап жиып қойған баршын, шыт, жібек мата, шілтер орамал, еркек костюмдері, сәтеннің қиығына буып қойған тымақ, жаңа кебіс, жұп-жұмсақ мәсіден көзімді алмай, тесіліп қарап қалыппын...

    - Апа, сенде мәсі мен кебіс бар емес пе, мынаны не қыласың?
    - Тірі болсам жаңасын жылтыратып тойыңа киіп барам. Ал, мына еркек костюміне қарашы, қандай әдемі! Бұны күйеу балаға кигіземіз. Сонда ол шырайлы және саған тең болады.
    - Туу, қойсаң! Одан да маған сонау шашақты орамалды берші. Ол менің қуыршағыма өте керек. Әне, Аяттың қуыршағы қандай керемет, оған шешесі әдемі орамал берген. Маған да сондайы керек.
    - Айналайын! Сенен де, жігітіңнен де айналайын! – дейді апам күлімсіреп, - Мейлің, соншама керек болса, ала ғой.

    Тұла бойыммен сандықтың ішіне сүңгіп, түбінен көптенгі арманым, ауыр қызыл жібек шашақты көркем орамалды суырып алдым.

7
    Содан бері талай жылдар өтті. Апамның бұл өмірден кеткеніне қай заман, жібек шашақты қызыл орамал да баяғыда жоқ. Тек маған өмір бойы бір тыным бермейтін ой бар. Сол кезде апамның сандығында орамалды қалдырсам ғой, кім біледі, ертеңгі күні мүмкін оны тойда қызымның иығына желек ретінде жабар ма едім. Не деген ғажап болар еді! О дүниеден мені балаларыммен бақылап, бақытымызға қуанып отыруға берген апамның уәдесі әліге дейін есімнен шықпайды.

    Нақ білетінім, бір күні неке сарайының кең, кілем төселген сатысымен, тілегі қалаған жанының қолынан ұстап, төмен түсіп келе жатқан қызымның құлағына апамның жәй ғана:

    - Айналайын! Сенен де, жігітіңнен де айналайын! – деп айтатыны.

    Терезенің алдында отырмын. Апамның орамалындай қып-қызыл боп батып бара жатқан кунге қарап, - аспанды қызғылт тартыпты, ертеңгі күн ашық болатын түрі бар, - деген ойдың қапыда келгенін өзім де байқамай қалыппын.




© Татьяна Валяева,  2007–2024
 <<  Қызғалдақ әпке Вернуться к началу Бұрауыш  >> 

Главная             Цвета текста на сайте             Телеграм-канал «Изучаем казахский...»             kaz-tili@yandex.kz             Гостевая книга